Аймақтар • 18 Мамыр, 2018

«Бесоба» тұрғын үй кешеніне қатысы барларға сот қорытынды шешім шығарды

539 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағандыда осыдан алты жыл бұрын қопарыла құлап, үйіндіге айналған «Бесоба» тұрғын үй кешеніне қатысы бар құрылыс компаниялары мен лауазымды тұлғаларға қатысты сот қорытынды шешім шығарды. Астана және Қарағанды қалаларындағы бес құрылыс компаниясы мен сол кезде жауапты қызметте болған 13 адам мемлекетке 598 миллион теңгеге жуық қаражатты қайтаруы тиіс. 

«Бесоба» тұрғын үй кешеніне қатысы барларға сот қорытынды шешім шығарды

Он үш адам деп отырғанымыз – Қарағанды қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарлары Виктор Иванов пен Сергей Грибенщиков, мемлекеттік сәулет-құрылыс ба­қылау басқармасының бұ­рынғы басшысы Александр Воробьев, осы мекеменің қыз­меткері болған Дәулет Алтынбеков, әкімдік қыз­меткері болған Татьяна Гук, са­рапшылар – Владимир Лету­новский, Абул-Амит Баймен­шеев, Серік Бектаев, Олег Сипун, Нұрқуат Бисенов, Станислав Юр­ченко, Евгений Лазарев, Андрей Вибе.

Элиталық тұрғын жай есе­біндегі 60 пәтерлі тұрғын үй кезінде халыққа қымбат бағаға сатылған болатын. 2009 жылы пайдалануға берілген үй 2012 жылдың сәуір айында құлап қалды. Үйдің орналасқан жері осал, құрылыстың сапасы нашар болып шықты. Құдай сақтағанда, жергілікті билік тұрғындарды басқа жаққа көшіріп үлгерді.

Сол кездегі жай еріксіз ес­ке оралады. Тұрғын үй ке­ше­нін салып, пайдалануға берген – «КарПромИнвест» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі. Ком­пания басшыларының әуел баста «Бір жыл ішінде көп қабатты жеті тұрғын үй салып береміз» деп лепіргенінің өзі күмәнді еді. Үйлер салынып жатқан кезде «КарПромИнвест» өз құқықтарын басқа фирмаға – «СервисПромСнаб» ЖШС-не бергені де белгілі. Осы серік­тес­тіктің басшысы Андрей Ма­лянов «Бесоба» тұрғын үй кешенін салу кезінде, яғни 2007-2010 жылдар аралығында үлескерлерден миллиондаған теңге қаражат алып, құрылысты толық аяқ­та­мастан Ресейге қашып кет­кен. Оның үстінен аса ірі кө­лемде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық іс қозғалып, ха­лықаралық іздеу салынды. Алаяқ Маляновтың басқа да құй­тырқы істері көп. Ол бас­қарған компанияның банкке қарызы 300 миллион теңгеден асып жығылды. Баспаналы болсам деп, бала-шағасының аузынан жырып ақша жұмсаған үлескерлер аяқ астынан осындай қиын жағдайға душар болды. Алайда кейін жергілікті билік ешкімді баспанасыз қалдырған жоқ, қаланың басқа аудандарынан пәтерлер бөлді.

Қарағанды қаласы әкімдігінің талап арызын қанағаттандырған Қазыбек би атындағы ауданның соты жауапкер тұлғаларды мемлекеттің пайдасына 597 миллион 501 мың теңге төлеуге міндеттеді. Кезінде «Бесобаны» қабылдап алған мемлекеттік комиссияның мүшесі болған бұрынғы шенеуніктер өз кінәсін мойындамай, соттың талап арыз­ды қанағаттандырмауын сұра­ғанмен, олардың дегені болмады. «Құрылыс көрер көзге мінсіз, сарапшылардың тұжы­рымдамасы оң болды, біздің кінәміз қанша? – дейді олар. – Үйдің құлауына тұрғын үй кешенін жобалау барысында инженерлік-геологиялық жұмыстарды дұрыс жүргіз­бегендер кінәлі».

Экс-шенеуніктердің апелля­ция­лық шағымын облыстық сот та қанағаттан­дырған жоқ, Қа­зыбек би аудандық сотының шешімі өзгертусіз қалдырылды. Енді олар кассациялық шағыммен Жоғарғы сотқа жүгінуге құқылы. Алайда бұл оларды бірінші инстанциядағы сот шешімі бо­йынша мемлекет қаражатын қай­таруды бастау міндетінен босатпайды.

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ